ҰБТ нәтижесінемен мақтанамын!!!

Биылғы аса әділеттілікпен ұйымдастырылған ҰБТ сынағы нағыз білім алаңындағы шабандоздарды анықтайтын аламан бәйге болды десек артық айтқандық болмас. Осы орайда біздің «Жас дарын» мектебінің түлектері  ұстаздарының үкілеген үмітін ақтады деп ауыз толтырып айтуға болады. 42 түлектің 4-еуі түрлі жетістіктерге байланысты ҰБТ –ден босатылды.

            Атап айтсақ,«Алтын белгі» иегері  Ахмер Адия  және Төлеутай Ардақ  додадан сүрінбей өтіп, Назарбаев университетіне қабылданса,Абуова Индира Солтүстік Кипрдің Гирне қаласындағы Америкалық университетінің грантын  ұтып алды.«Алтын белгі» иегері  Сағиден Әлем SAT халықаралық стандартталған тестілеу нәтижесін ұлттық бірыңғай тестілеу ұпайларына аудару шәкіліне сәйкес ең жоғары - 140 ұпаймен ҰБТ сертификатына ие болды.

Мектептің жемісі мен жетістігі бұлармен ғана шектелмей, маусымның 29-ы күні түлектер тапсырған сынақ нәтижелері ұстаздардың төбесін көкке жеткізді. Нақтырақ айтқанда, 38 шәкірттің 26-сы 100-ден астам  ұпай  жинап, ата-аналары мен мұғалімдерін ерекше қуанышқа бөледі. Елімізде ешқашан болмаған осынау қиын-қыстау кезеңге қарамастан, өз қабілеттері мен білімге деген құштарлықтарын дәлелдеп шықты.  Оның ішінде ең жоғары ұпай 125-тен 133-ке дейін алғандар:

  1. Наукенова Дильназ - 133
  2. Кажатова Загина – 132
  3. Асаинова Акбота - 127
  4. Кенжебек Назерке  - 125
  5. Садыкова Назерке – 125

 

Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. Ал ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен бағаланатыны хақ. Бұл тарапта «Жас дарын» мектебі шынымен де дарынды, талапты оқушылар мен білікті ұстаздардың ордасы деп айтсақ жаңылмаспыз. Ал ҰБТ-ден жоғары ұпай жинаған түлектерімізге, қарымы мен қабілетін нағыз сын сағатта дәлелдей білген жастарымызға әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарыңның өзі бәсекелестіктің бағын ашады демекпіз. Алдағы уақытта тек алға қойған мақсаттарына жетіп, өздерін еліміздің елеулі, мақтанышы мен мақтаны болатындай азамат ретінде көрсете білулеріне тілектеспіз. Бұл Ұстаздар мен Оқушылардың шынайы бірлескен еңбегі әрі Ата-аналарының ерекше қолдауының нәтижесі. Ата-аналар, Сіздерге де осындай алғыр да ақылды, тәрбиелі де ибалы ұл-қыздар тәрбиелегендеріңіз үшін ерекше Алғыс білдіреміз. Балаларыңыздың жемісі мен жетістігін ғана көріңіздер!

Біз өз шәкірттерімізді мақтан тұтамыз!

 

«Жас дарын» мектебінің ұстазы Қабылова А.М.

Дата: 01-07-2020 Автор: Жас дарын